13 ақпан күні «ҚазАзот» зауыты өнімінің жөнелтілімі алғаш рет Каспий теңізі және Әзірбайжан аумағындағы Говсан порты арқылы Грузиядағы Батуми теңіз портында ауыстырып тиеумен жүзеге асырылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта жергілікті жерде өндірілген аммиак селитрасы көлік-логистикалық тізбек нәтижесінде бүкіл әлем бойынша соңғы тұтынушыларға жөнелтіледі, деп хабарлайды Қоғамдық Коммуникация орталығы «КазАзот» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жеткізу Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігінің, Транскаспий халықаралық көлік маршрутының, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ, «Қазтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС, «Касқор-Транссервис» АҚ, ADY Express, «Батуми теңіз порты» ЖШҚ қолдауымен жүзеге асырылады және компанияның экспорттық әлеуетін әртараптандыруға мүмкіндік береді.
2024 жылы аммиак селитрасын 50 000 тоннадан астам көлемде Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша Поти және Батуми порттарына жөнелту жоспарлануда.
Бұл маршрутты пайдалану кәсіпорын үшін жаңа халықаралық нарықтарға аммиак селитрасын жеткізуге және қазақстандық тауардың бүкіл әлемге танылуын арттыруға мүмкіндік береді.
13.02.2024